Байланыс телефондары:
(727) 261-00-25
7(727) 272-55-61

Өмірбаян

     Жұрынов Мұрат Жұрынұлы 1941 жылы 7 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Ұлты қазақ, химия ғылымдарының докторы, профессор (1981), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1989), Қазақстан Республикасы­ның ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының  иегері (2003 ж), бірнеше Халықаралық ғылым академияларының мүшесі, ҚР Үкіметінің Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының, Қазақстан  Республикасының Ғылым және білім министрлігі коллегиясының мүшесі, Ислам елдерінің Ғылым академиялары ассоциациясының вице-президенті, ҚР ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясының мүшесі, ҚР Ұлттық кеңесінің және ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының мүшесі, ХДП «Нұр-Отан» атқару комитетінің мүшесі,  ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі.

     Қазақ химия-технологиялық институтын бітіріп, сол оқу ордасында оқытушы (1964-1966 ж.) болып істеді, сосын Мәскеудің Д.М. Менделеев атындағы химия технология институтының аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын қорғады (1967-1970 ж.). Содан кейін Қазақ химия-технологиялық институтында доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін  атқарды. 1981 ж. Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғап, сол жылы профессор атағын алды. 1982 ж. Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, Қазақстан Ғылым академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991 ж. А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры, одан соң Қазақстан Республикасының Білім министрі (1995-1997 ж.) және А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті (1997-2001 ж.) қызметтерін абыроймен атқарды. 2001-2007 ж., 2013 ж. бастап Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтың директоры қызметін атқарды. 2003 ж. және 2008 ж. ҚР Ұлттық ғылым академиясының  президенті болып сайланды және 2010 ж. сәуір айынан 2014 ж. сәуір айына дейін Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылым саласы бойынша проректор қызметін қоса атқарып келді.

    2015 ж. маусым айынан бастап – Түркі әлемінің Ұлттық ғылым академиялар одағының президенті.

    Академик М.Ж. Жұрынов Қазақстанның электрохимия ғылымы саласындағы жетекші ғалымдардың бірі. Ол 17 ғылыми монография, 700-ге жуық ғылыми жұмыстар жариялап, 120 авторлық куәлік пен патентке ие болған. Оның жетекшілігімен 32 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы диссертация қорғап, 2 шәкірті ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.

    Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары Мәслихаттарының депутаты болып сайланды. (2005 ж.) «Парасат» орденімен, (2011 ж.) ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және ҚР медальдарымен марапатталды. Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының Құрмет белгісі (2013).Халықаралық сыйлықтардың иегері (Анкара – 2001 ж.; Париж – 2003 ж.; Киев, Украина ҰҒА-сы – 2005 ж.), Джорджтаун (АҚШ), Токио (Жапония) және бірнеше шетелдік және отандық университеттердің құрметті профессоры, Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының шетелдік мүшесі. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры